Ұршық

сөзі мынадай мағыналарда қолданылуы мүмкін:
1) Жүннен шүйкелеп жіп иіруге арналған жеңіл аспап; жіп иіретін құрал. Қазақстан аумағында ұршықты шаруашылық қарекеттерде пайдалану неолит заманынан басталады. Әсіресе, қола дәуіріндегі ескерткіштерден басы арнайы қыштан құйылған ұршық қалдықтары көптеп табылған. Ежелгі Шығыс елдерінде де қол ұршығы пайдаланылған. Дәстүрлі қазақ қоғамында ұршық мал өнімдерін пайдаланудағы басты еңбек құралдарының бірі болды. Ол — мұрындық (сірге ағаш), басы мен саптан тұрады. Ағаш, мүйіз, құс, тас, сүйек (түйе мен өгіздің ортан жілігінің айдар басы), қорғасын сияқты материалдардан жонып жасалған ұршық басы дөңгелек немесе жарты шар тәрізді болады, оның ортасына сап өткізетін тесігі орналасады. Сабы ұршық басынан 3—4 см шығып тұрады, оған жіп жүретін иіретілген ойық жол жасалынады. Кейде басына бір елі қашықтықтан соң мұрындық (ши, шырпы) орналастырылады. Мұрындық немесе иіретілген ойық жол жіптің сіргеде біркелкі болып жинақталуына септігін тигізеді. Ұршықпен қап, дағар, алаша, басқұр, терме бау, шекпен, т.б. тұрмыстық бұйымдар мен киім-кешектерге арнап жіптер тоқылған. Аз жіп иіруге арналған ұршықтың басы жеңіл, сабы қысқа етіп жасалады.[1] 
2) Тоқыма өндірісінде иіру, ширату және тегістеуіш машиналардың жіпті иіріп, ширатып, орауышқа, иіршікке, шөлмекке, т.б. орайтын негізгі тетігі. Ұршықты машиналар 18 ғасырдың II-жартысында қолданыла бастады. Ұршықтың сақиналы, центрифугалы, т.б. түрлері бар. Ұршық табиғи (мақта, жүн, зығыр) және химиялық талшықтарға арналған болып ажыратылады. Ұршық — ұзын, күрделі геометриялық формалы жұқа және иілгіш болат шпиндельден тұрады. Табиғи талшықтарды иіруге арналған сериялы ұршық шпинделінің жоғарғы бөлігіне қағаз патрон немесе ағаш шөлмек кигізіледі. Шөлмекке шуда оралады. Жіп қозғалмайтын сақина бойымен сырғанайтын жүгірткі арқылы ұршыққа келеді. Ұршықтың айналуы кезінде шуда жіп тартылады және жүгірткінің сақина бойымен қозғалуын қамтамасыз етеді. Кейіннен ұршықтың иіру, ширату, екі жіпті орау процестерін біріктіретін иіру-ширату машинасы іске асырылды. Кілем, корд, арқан, т.б. арналған жіптер өндірісі кезінде 2 рет ширататын ұршық қолданылады. Мұндай ұршықтар қарапайым ұршықпен салыстырғанда, құрылымы күрделі және өнім өндіруді екі есеге арттырады.

ДАННЫЙ САЙТ БЫЛ СОЗДАН, ИСПОЛЬЗУЯ